5.09.2018 | Ауғанстан мен Орталық Азияда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың аймақтық бағдарламасын дайындау ұсынылды

5 қыркүйек күні Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігінің ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен ұйымдастырған Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша аймақтық конференциясы өтті.

Конференция гендерлік теңдік қағидаттарын жаһандық деңгейде жылжыту аясындағы бастама болды. Осындай үлгідегі мұндай іс-шара Орталық Азия аймағында алғаш рет өткізілуде. Осыдан бұрын, 2013 жылдан 2018 жылға дейін Вашингтон, Осло және Кабулда Ауғанстан әйелдерінің бірнеше симпозиумдары өткізілген.

Кездесудің Қазақстанның Ауғанстан проблематикасына ерекше назар аударатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі 2017-2018жж. Тұрақсыз мүшелік ету кезеңінде өтуінің де мәні бар. Әсіресе, ағымдағы жылдың қаңтар айында Қазақстанның БҰҰ ҚК төрағалық ету барысында, қазақстандық тараптың бастамасымен алғаш рет 2010 жылдан бастап Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Ауғанстанға сапары ұйымдастырылып, сәйкес резолюция қабылданды.

Конференцияға Орталық Азияның барлық елдерінің өкілдері қатысты. Бұл Әзербайжан, Ауғанстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан елдерінің, сондай-ақ Еуропалық Одақтың, Үндістан, Қытай, Ресей, АҚШ және БҰҰ-ң делегациялары.

Іс-шарада Қазақстанның атынан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша Комитетінің Төрайымы Дариға Назарбаева, Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Абылқасымова, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары қатысты.

Өз сөзінде ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасын дайындауды және Орталық Азия мен Ауғанстанның белсенді әйелдер тобын құруды ұсынды.

«Аймақтық қарым-қатынас аясында халықаралық бизнесті тартумен әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді бағдарламасын талқылауды және қабылдауды ұсынамын. Сонымен  қатар қатысушы елдердің делегациясының жоғары деңгейін ескере отырып, тек Ауғанстанда ғана емес, жалпы аймақ бойынша әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ісіне үнемі өз үлесін қоса алатын Орталық Азия мен Ауғанстанның белсенді мүдделі әйелдер тобын құруды қарастыру ұсынылады», – деді мемлекеттік хатшы.

Мемлекеттік хатшы атап өткендей, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері мәселелері мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі болып табылады, ал еліміздің тәуелсіздік алған жылынан бастап осы бағытта көп жұмыс жасалды. «Әйелдерге қатысты заңнамалық және институционалдық негіз қабылданды, 10-нан астам конвенция ратификацияланды. Біз былтырғы жылы 2030 жылға дейінгі гендерлік және отбасылық даму концепциясын қабылдадық. Бізде 2 гендерлік бағыттағы заң әрекет етеді, биылғы жылы 20-жылдығын тойлағалы отырған президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссия жұмыс жасайды»,-деп еске салды Гүлшара Әбдіқалықова.

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов өзінің құттықтау сөзінде «гендерлік теңдіктің маңызды даму шарты әйелдердің мемлекеттік басқаруға қатысуы, сондай-ақ әйелдер үшін әлеуметтік және білім беру қызметтерінің қолжетімділігі, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады» деп атап айтты.

Қайрат Абдрахманов қазақстандық тарап пен Конференцияның басқа қатысушылары әйелдерді әлеуметтік қорғау аясында, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және еңбекке орналастыру саласында жобаларды жүзеге асыруда Ауғанстанмен ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігіне назар аударды. Бұл мәселеде донорлар тарапынан, ал дәлірек Дүниежүзілік банк, БҰҰ Даму бағдарламасы және жеке сектордан көмек беру бағдарламаларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін көмекті үйлестіруді күшейту маңызды рөл атқарады.

Шетелдік қонақтардың арасынан Йемендік құқық қорғаушы, журналист және саясаткер, алғашқы араб әйелі – Нобель сыйлығының лауреаты Тавакуль Карман; ОА бойынша БҰҰ Бас хатшылығының арнайы өкілі, ОА аймақтық сақтандыру дипломатиясы орталығының жетекшісі Н.Герман; Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Т.Нарбаева, Қырғыз Республикасының вице-министрі А.Омурбекова, сондай-ақ Ауғанстанның әйелдер ісі бойынша министрі Д.Назари сөз сөйледі.

Күннің бірінші жартысында екі панельдік сессия өтті: «Ауғандық әйелдердің экономикалық мүмкідіктерін кеңейту арқылы тұрақты экономикалық өсу» және «Аймақтық ынтымақтастық ақылы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту». Олардың жұмысына: Арменияның бірінші ледиі Нуне Саркисян, Өзбекстанның Мәжіліс Сенаты Төрағасының орынбасары Светлана Артикова, Өзбекстанның мектепке дейінгі білім беру министрі Агрепина Шин, Әзербайжанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Сахил Бабаев, Ауғанстанның мәдениет және ақпарат министрі Хасин Сафи, АҚШ-тың стратегиялық және дағдарыстық коммуникациялар мәселелері бойынша Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Эдриэнн Росс, басқа елдердің делегациялары қатысты.

Конференцияның соңында Ауғанстан әйелдерінің бизнес, білім беру және сандық технологияларға қолжетімділігі саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту туралы Астаналық декларация қабылданды.

Поделиться: