31.01.2019 | Алматыда «Ұлы даланың 7 қыры» концерті өтті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың 7 қыры» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін жылжытуға арналған «Ұлы даланың жеті қыры» концерті өтті.

Ермек Серкебаев атындағы концерт залының сахнасында «Дәстүрлі ән» және «Халық аспаптары» бөлімдерінің оқытушылары мен студенттері өнер көрсетіп, олардың орындауында дәстүрлі қазақ музыкасының ең үздік түрлері естілді.

Іс-шара аясында қаланың мәдени өміріндегі елеулі оқиға – «Колледж тарихы мұражайының» салтанатты ашылу рәсімі, сондай-ақ «Көшпенділер әуені» екінші шағын-дискісінің тұсаукесері өтті.

 «Өткенсіз болашақ жоқ. Сондықтан Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бізге Колледж тарихы мұражайын құруда постулат болды, оның ашылуы мен «Көшпенділер әуені» шағын-дисікісінің тұсаукесері концерттің сәнін келтірді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорына біздің жобаларымызды қолдағаны үшін алғыс білдіреміз»- деді П.Чайковский атындағы колледж директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.

Шақырылған қонақтар қатарында – колледждің атағын еліміздің шегінен тыс шығарып жүрген біртуар орындаушылар, әр түрлі жылдардағы танымал түлектер, өнердің қайнар көзінде тұрған және беделді музыканттар буынын оқыту мен тәрбиелеуге зор үлес қосқан қарт педагогтар, сондай-ақ Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің жарқын өкілдері: қазақстанның халық әртісі Мұрат Серкебаев, Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева және көптеген басқалары болды.

Поделиться: