27.12.2018 | «Болашақ бүгіннен басталады» атты Фестивальге 200-ге жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры Ұлттық дельфий комитетімен бірлесіп «Болашақ бүгіннен басталады» балалар мен жасөспірімдер спортының және салауатты өмір салтының Фестивалін ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – дене шынықтыру мен спортты насихаттау, бұқаралық спорттық шаралары арқылы балалардың салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру.

Жыл сайынғы фестивальге балалар Қазақстанның түрлі аймақтарынан жиналады. Кезекті үшінші жарысқа Астана қ., Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының мамандандырылған мекемелердің оқушылары – ата-ана қамқорынсыз қалған, көпбалалы отбасыларынан шыққан 10 мен 14 жас аралығындағы балалар келді.

«Ақбозат» демалыс орнында өткен шара барысында балалар қысқы триатлоннан, шайбалы хоккейден, шаңғы эстафетасынан, карел жарысынан және ұннан пішін жасаудан жарысты.

Өз сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының міндетін атқарушысы Сұлтан Айтжанов: «Осындай жыл сайынғы ауқымды іс-шараның өткізілуі жақсы дәстүрге айналды. Жыл сайын фестивальге 200-ге жуық Қазақстанның түрлі облыстарынан балалар қатысады. Осындай іс-шараларды қолдай отырып, ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры спортты, дене шынықтыруды, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттауды көздейді», – деді.

Өткізілген жарыстардың нәтижесінде:

  • «Хоккейден» 1-орынды Қостанай облысы алды, 2-орын – Солтүстік Қазақстан облысы, 3-орынға Павлодар облысы ие болды;
  • «Шаңғы эстафетасы» бойынша 1-орында Қарағанды облысы, 2-орында Солтүстік Қазақстан облысы, 3-орында Павлодар облысы;
  • «Ұннан пішін жасаудан» үздік команда – Қостанай облысы, 2-орынды Ақмола облысы алды, ал 3-орынға Астана қ. ие болды;
  • «Арқан тартудан» 1-орында Ақмола облысы, 2-орынға Қарағанды облысының командасы орнықты, 3-орында Солтүстік Қазақстан облысы;
  • «Қысқы триатлоннан» 1-орынды Қостанай облысы алды, 2-орында Солтүстік Қазақстан облысы, 3-орын астаналықтарға бұйырды.

Жалпы командалық есеп бойынша Қостанай облысынан келген жеткіншектер топ жарды.

Мерекелік көңіл-күйге бөленген балалардың барлығына сыйлықтар табысталды. Ал жеңіске жеткендер арнайы «алтын», «күміс», «қола» медальдарына ие болды.

Поделиться: