27.02.2019 | Қазақстанда Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен К.Байсейітова атындағы вокалистер конкурсы қайта басталды

Алматыда 2019ж. 1 және 4 наурызы аралығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық коллледжінің ұйымдастырған Күләш Байсейітова атындағы ІХ республикалық вокалистер конкурсы өтеді. 

Жоба «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңарту бағдарламасы және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Қазақстандағы Жастар жылының аясында жүзеге асырылады.

Конкурс жас опера орындаушыларын қолдауға және олардың ішіндегі үздіктерін анықтауға бағытталған. Сондай-ақ жоба жастар арасында Қазақстанның ұлттық музыка мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті өнер қайраткерлерінің аттарын жандандыру мен дәріптеу мақсатын көздейді.

Соңғы рет Күләш Байсейітова атындағы республикалық конкурстың 2005 жылы өткенін атап өтейік. Тұңғыш Президент Қорының арқасындағы араға 14 жыл салып, жобаның жаңа шығармашылық өмірі басталады.

— Елімізде көптеген жылдар бойы біздің колледждің жобалары мен бастамаларына қолдау көрсетіп келе жатқан Тұңғыш Президент Қоры секілді ұйымның бар болғаны қуанышты. 14 жылдан кейін Күләш Байсейітова атындағы конкурсты қайта өткізу Қазақстанның шығармашылық өміріндегі шынайы бірегей құбылыс. Тұңғыш Президент Қорының мұндай қолдауы халқымыздың музыкалық мәдениетінің тарихымен байланысты танымал аттарды қайта жандандыру үшін күшті шабыт береді,- дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, П.Чайковский атындағы АМК директоры Біржан Хасанғалиев.

Конкурс екі топта өтеді. Бірінші топ- музыкалық колледждердің вокал бөлімдерінің студенттері. Екіншісі- жоғары музыкалық оқу орындары кафедраларының студенттері, магистранттары және 32 жасқа дейінгі кәсіби опера орындаушылары. Барлық қатысушылар саны 100-ден астам адамды құрайды. Олар еліміздің барлық аймақтарын таныстырады.

Конкурсқа қатысушыларға Қазақстан Республикасының опера өнерінің танымал өкілдері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәурбаева (төрайым); ҚР Халық әртісі, профессор Ғафиз Есімов, ҚР Халық әртісі, профессор Базарғали Жаманбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты Азамат Желтыргузов баға береді.

***

Құрметті журналисттер мен БАҚ редакторлары!

Сіздерді 10 наурыз (жұма) сағат 10:00-де Алматы қ., Манас к-сі, 13 мекен-жайындағы П.Чайковский атындағы АМК-ң, Е.Серкебаев атындағы Үлкен концерт залында өтетін конкурстың салтанатты ашылу рәсіміне шақырамыз.

Жабылу рәсімі мен конкурс жеңімпаздарын марапаттау 4 наурыз (дүйсенбі) күні өтеді. Уақыты қосымша хабарланады.

 

ҚР Тұңғыш Президент Қорының баспасөз қызметі

PR-менеджер Артур Жұмашев

+7 (727) 220-92-16, +7 (708) 960-56-13

a.zhumashev@fpp.kz,www.fpp.kz

Поделиться: