20.06.2019 | Нұрсұлтан Назарбаев «Үшқоңыр» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы

Елбасы өңірдің барша тұрғындарын «Үшқоңыр» спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, бой көтерген нысанның жастарды тәрбиелеу және дене шынықтыру ісіндегі маңызын атап өтті.

– Біз бүгін аудандағы бірегей спорт кешенін аштық. Дені саудың – жаны сау. Қазіргі заманда дені сау адам ғана табысқа жетеді. Сондықтан, біз бұл нысанды жастарымыз үшін арнайы салдық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Біздің балалық шағымызда спортпен шұғылдану үшін мұндай жағдай болмады. Ал, қазір жастар үшін барлық мүмкіндік бар. Көптеген табысты азаматтарымыз туған ауылы мен аудандарына қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Жаңа спорт кешенінде жаттығатындардың арасынан болашақ чемпиондар шығады деп сенемін. Менің отбасым және жақындарым осы спорт кешенін арнайы сіздердің игіліктеріңіз үшін салды. Сіздерге зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін. Баршаңызды тағы да спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! – деді Елбасы.

Спорт кешенінде бокс, күрес және тренажер залдары, жүзу бассейні, теннис корты, көпфункционалды залдар және басқа да спорт инфрақұрылымдары бар.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі

Поделиться: