17.04.2019 | «Тәтті алма» әдеби жинағы және «Ұлы дала аңыздары» веб-графикалық романдар сериясы жарық көрді

Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Назарбаев орталығында» «Тәтті алма» балалар әдебиеті жинағы мен веб-графикалық романдардан тұратын «Ұлы дала аңыздары» атты онлайн-жобасының тұсаукесерін өткізді.

Іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары – Сұлтан Айтжанов, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, белгілі қоғам қайраткерлері мен оқушылар қатысты.

Балалар жинағы өскелең ұрпақты қазақ әдеби тілін үйренуге, рухани құндылықтарды қастерлеуге баулу, олардың шығармашылық және интеллектуалды қабілеттерін арттыру мақсатында шығарылды.

«Тәтті алма» жинағының 1-2 томы 2015 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Мемлекеттік тілді дамыту қорына ана тілімізді дамыту бағытындағы жобаларға бөлінген қаржысына жарық көрген еді. Аталған жинақтың 3-4 томдарын шығаруға Тұңғыш Президент Қоры қолдау көрсетті.

Соңғы жинақтарға жақсылық пен әсемдік, табиғатқа деген қамқоршылық туралы ертегілер мен театрлық қойылымдар енген. Жинаққа енген шығармаларды «Tattialma.kz» сайтынан және «Tattialma» мобильді қосымшасынан оқуға болады. Қазіргі заман қаламгерлерінің әңгімелері мен өлеңдері жарияланған жинақ оқырманын жаулап алары сөзсіз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған игі мақсаттарды жүзеге асыру аясында, Қор қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани жетістіктерін дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастырып келеді.

Осыған орай, «Ұлы дала аңыздары» (Легенды великой степи) онлайн жобасы аясында веб-графикалық романдар сериясын әзірлеуді қолға алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасы әзірленді.

«Ұлы дала аңыздары» жобасы ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен  қазақ халқының тарихы мен аңыздары туралы сыр шертетін «Ұлы махаббат туралы жеті хикая» және «Қазақ жерінің ұлы батырлары» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Аңыздар мазмұны Қазақстанның киелі орындарының тарихымен астасып жатыр, әңгімелер арқауы көпшілікке киелі жерлер туралы толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда осы сериядан «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» және «Жұмбақтас» туындылары жарық көрді.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов: «Осындай шығармалар балаларға көп пайдасын тигізеді деп сенемін. Олар әлем, біздің еліміз, оның бай мәдениеті, тарихы мен халқымыздың құндылықтары туралы көбірек білетін болады. Оқу – ойлау мен есте сақтау қабілеттерін дамытады. Ол адамға шығармашыл және креативті болуға көмектеседі. Ал бұл қасиеттер заманға сай, бәсекеге қабілетті Қазақстан Республикасының жас азаматын қалыптастыру үшін өте маңызды», – деп атап өтті.

Іс-шара тізгінін алған «Балапан» телеарнасының жас таланттары тұсаукесерге жиналған балақайларға меркелік көңіл-күй сылады.

Кеш соңында бүлдіршіндерге арнайы торт пен тәтті алмамен әрленген мерекелік дастархан ұсынылды.

Поделиться: