11.04.2019 | «Идеядан – шынайы болмысқа: НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ Еуразиялық бастамасына 25 жыл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

Бүгін Назарбаев орталығында «Идеядан шынайы болмысқа: Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық бастамасына 25 жыл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «іс жүзіндегі еуразиялық» идеясын жария етуінің ширек ғасырлық атаулы күніне және Еуразиялық Экономикалық Одақтың құрылуының бес жылдығына орайластырылған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин конференция қатысушыларына арнап құттықтауларын жолдады.

«Қазіргі ЕАЭО – сыртқы сауда айналымы 750 миллиард долларды құрайтын ірі нарық. ЖІӨ жиынтығы 2 триллионды құраса, халқы 180 миллион адамнан асады. Бірлестіктің мүше мемлекеттері өсімнің оң динамикасын қамтамасыз етті, сыртқы және өзара сауда көлемінің айтарлықтай көбеюіне қол жеткізді. Халықаралық ынтымақтастық белсенді дамуда.

Келешекте ЕАЭО Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір ретінде әлемдік экономикалық жүйемен тығыз интеграцияланған ашық экономикалық қауымдастыққа айналады. Экономикалық интеграцияны нығайту экономикалық өсім мен әртараптандырудың, бәсекеге қабілеттілікті жетілдірудің, бизнес ахуалды жақсарту мен елдеріміздің инвестициялық тартымдылығын арттырудың негізгі көзі бола алады.

Біз негізгі мақсаттарға жету жолында нық қадам басып келеміз: тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы. Конференция барысында айтылатын ұсыныстар мен бастамалар елдер арасындағы диалогты дамытуға оң ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға табыс және өнімді еңбек тілеймін», – делінген Елбасы құттықтауын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев оқыды.

Ресей лидерінің атынан құттықтауды Ресей  Федерациясы Президенті Басқармасының Шетелдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі бастығы Владимир Чернов жариялады.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында ұсынған тең құқықты елдерді біріктіру идеясынан экономикалық одақ дәрежесіне дейін жеткен Еуразиялық интеграция жобасы өз тиімділігін толығымен дәлелдеді. ЕАЭО-ға мүше елдер сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарын нығайтып келеді. ЕАЭО аясындағы интеграциялық процесстер бауырлас халықтар игілігі үшін Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті және одақтастықты нығайтуға қосымша септігін тигізеді», – депті В.Путин өз хатында.

Конференцияға 300-дей адам қатысты, оның ішінде  Еуразиялық Экономикалық Одақтың, Қазақстан мен Ресей парламенттерінің, президент әкімшіліктерінің, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, Қазақстан астанасында орналасқан шетел дипломатиялық миссияларының басшылары, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің жетекші сарапшылары, қоғам қайраткерлері, журналистері.

Конференция қатысушылары арасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, Ресей ғылым академиясының академигі Виктор Садовничий бар.

«2019 жылды айшықты оқиғаларға толы. Өйткені, осыдан 25 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық интеграция туралы идеяны алғаш ұсынған болатын. Бұл әр мемлекеттің өзара сенімділік, сыйластық, уәдеге беріктік қағидаларына сүйенген аса ауқымды жоба еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  стратегиялық маңызы жоғары болған бұл идея бүгінде дамуы қарқын алған  көлемді интеграциялық ұйымға айналды. Бұл маңызды бастаманың басқа емес, Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан Көшбасшысының аузынан шыққаны заңдылық деп білемін», – деді құттықтау сөзінде В.Садовничий.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның құттықтауын депутат Серік Бектұрғанов жеткізді.

«Мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларда жүргізіп жатқан өзгерістер мен трансформациялаудың жаңа тарихи кезеңінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті- Елбасы идеясының маңызы артып, жаңа келбет алуда. Тарихта жарқын да тағдыршешті көшбасшылықтың үлгілері аз болмаған. Елбасының бастамалары мен идеяларының ауқымдылығы мен маңыздылығын бағалау үшін де белгілі бір тарихи кезең қажет. Ширек ғасыр – Елбасының бастапқы ойының нәтижелерін бағалайтын, осы үдерістегі рөлін ұғынатын хронологиялық қашықтық болып табылады», – делінген Д.Назарбаеваның құттықтау хатында.

Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің экономикалық саясат жөніндегі комитет төрағасы Дмитрий Мезенцев те Елбасы бастамасының тарихи рөлін баса атап өтті:

«25 жыл бұрын жариялаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті идеясының тереңдігіне, болжағыштығына, даналығына бүгін біздер лайықты баға бере аламыз. Біз бүгін тарихқа үңіліп, осы оқиғаның ауқымын бағалай аламыз. Мемлекетаралық құжаттармен куәландырылған еуразиялық идеяның маңыздылығы уақыт өткен сайын арта беретініне нық сенімдімін».

Пленарлық отырыс пен екі панельдік сессиялардың аясында ХХІ ғасырдың сын-қатерлері алдында ЕАЭО-тың тиімділігі мен халықаралық мәртебесін арттыру, халықаралық кеңістіктің заманауи жүйесіндегі Үлкен Еуразияның рөлі, Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық интеграцияның перспективалық бағыттары сынды мәселелер бойынша ашық пікір алмасулар болды.

Конференцияның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен бірлесе; Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің,  Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен.

Поделиться: