10.06.2019 | Алматыда қазақстандық оқушылардың ең үздік математиктері анықталады

10 маусым күні 2-4 сынып оқушылары арасында «Бастау» XІІ республикалық математикалық турнирі басталады. Турнирдің ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорының қолдауымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы болып табылады.

Математикалық турнир бұл – математикалық білімді мектепте одан әрі жетілдіру және кіші буын мектеп оқушыларының осы пәнге деген қызығушылығын арттырудағы жүйелі жұмыстарының бірі болып табылады. Турнирдің басты мақсаты –  бастауыш мектеп оқушылары арасында математикаға ерекше қабілетті дарынды балаларды анықтау, дамыту және оларға қолдау көрсету, математикадан оқушылардың білімін тереңдету және кеңейту.

Турнирдің ең үздігі атану үшін Қазақстанның барлық облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан және «Назарбаев Зияткерлік мектептерінен», республикалық физика-математикалық мектептерінен, сондай-ақ жеке білім ұйымдарының республикалық қауымдастық мектептерінен 2-4-сынып оқушылары арасында 150 қатысушы бәсекеге түсіп, бақтарын сынайды.

Турнир командалық сайыс түрінде 2 кезеңде өткізіледі: 1 кезең – аймақтық, 2 кезең – республикалық.

Турнирдің республикалық кезеңі 3 турдан тұрады:

  • «Әу, баста» (командалық есеп);
  • «Асық» (командалық есеп);
  • «Математикалық бәйге» (ауызша жеке есеп).

Турнирдің тапсырмалары математикалық логикаға негізделеді, олар дұрыс талқылауды, дұрыс ойлауды және дұрыс шешім қабылдауды үйретеді.

Бастауыш мектептің жетекші – мұғалімдері үшін – «Бастауыш сынып оқушыларын әртүрлі стандартты емес математикалық есептерді шешуге оқыту әдістемесі» атты семинар ұйымдастырылады.

Командалық және жеке сынақтар бойынша турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері І, ІІ, ІІІ дәрежелі  “Дарын” РҒПО дипломдарымен марапатталады. Ең жоғары ұпай санын жинаған жеңімпаз-команда турнир Кубогымен және Бас-жүлдемен марапатталады.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры – барлық қатысушыларға үш тілде кітаптар сыйлайды және турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерлеріне әйгілі «Меломан» дүкендер желісінің сыйлық сертификаттарын табыс етеді.

Турнирдің ашылу салтанаты – 10 маусым күні сағат 10.00-де Назарбаев Зияткерлік мектебінің акт залында өтеді. (Мекен-жайы: Алматы қаласы, Наурызбай ауд., Калкаман-2 ы/а, Елібаев көшесі, 2.).

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі –12 маусым күні сағат 17.00-де Назарбаев Зияткерлік мектебінің акт залында өтеді. (Мекен-жайы: Алматы қаласы, Наурызбай ауд., Калкаман-2 ы/а, Елібаев көшесі, 2.).

 

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының баспасөз қызметі

PR-менеджер Артур Жумашев

+7 (727) 220-92-16, +7 (708) 960-56-13

a.zhumashev@fpp.kz, www.fpp.kz

 

«Дарын» РҒПО

Әдіскер, Мадина Бидаулетова

+7 (702) 159 98 19

www.daryn.kz

Поделиться: