06.07.2019 | Нұр-Сұлтанның тұрғындары мен қонақтары Елбасы Қорының акцияларына қатысты

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры қала күні қарсаңында бірқатар  шара ұйымдастырды.

Соның ішінде шылым шегуден бас тарту арқылы азаматтардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға көмектесуге бағытталған «Дені саудың – жаны сау» акциясы өткізілді. Оған еңбек сіңірген спорт шебері, бокс бойынша әлем чемпионы, Қазақстанның сегіз дүркін чемпионы Ляззат Күйгенбаева және халықаралық спорт шебері, шорт-трек бойынша әлемдік чемпионат медалінің және әлем Кубогының иегері Абзал Әжғалиев қатысып, қолдау көрсетті.

Акция қала әкімшілігінің ғимараты алдында, «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда, Астаналық саябақта, сондай-ақ «Жетісу» және «Жерұйық» саябақтарында өтті.

– Біз әрбір акцияға қатысушы бірден шылым шегуді қоятындай ете алмаймыз. Бірақ біз оларға темекінің зияны туралы, темекі шегудің қайтымсыз салдары туралы естеріне салып, өзінің болашағы, отбасының, жақындарының болашағы үшін денсаулығын сақтауға шақыра аламыз, – дейді акция ұйымдастырушылары.

Елорданың кездейсоқ кездескен тұрғындары мен қонақтарымен осындай әңгімелесуден кейін белсенділер оларға темекі шегуден бас тартуды ұсынды. Келіскен жағдайда, акция қатысушыларына арнайы белгілер жабыстырылып  «NurSOULtan» брендтелген спорт тауарларын сатып алуға сертификаттар табысталды.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қала қонақтары тарапынан «Welсome to Kazakhstan» акциясы көптің көңілінен шықты. Ол шет елдерінің  қонақтары қазақ халқының қандай дәстүрлерін білетіндігін тексеруге, білгенін арттыруға және қонақжайлылық көрсетуге бағытталды.

Басқа елдерден келген қала қонақтарына қазақ мақал-мәтелін оқу (қайталау) немесе ән айту ұсынылды. Ешбірі сыйлықсыз қалмады. Бұл ретте ұлттық киім киген акцияның белсенділері өздерінің әнімен және қазақ аспаптарында ойнауымен мерекелік күй сыйлады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры ұйымдастырған «Елорданың жаңа отбасы» және «Елорданың жаңа тұрғыны» акциялары жас жұбайлар мен жас ата-аналарға күтпеген тосын сый болды.

Елбасы Қорының қызметкерлері мен еріктілері Нұр-сұлтан қаласының ХҚКО-ларына, АХАЖ-ларына және перзентханаларына барып, осы күні ата-ана атанған адамдарды және некелерін тіркеген жас жұбайларды құттықтады.

Акцияның өткізілуіне танымал қазақстандықтар атсалысты. Олардың қатарында қазақ опера әншісі, Қазақстан мен Татарстан Республикаларының Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева, шахматтан әлем чемпионы, «шахмат ханшайымы» Динара Сәдуақасова, қазақстандық эстрада әндерінің танымал орындаушылары Алтынай Жорабаева, Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Клара Төлембаева болды.

– Бізді осылайша құттықтайды деп күтпеген едік. Эстрада жұлдыздарынан тамаша тілектер, гүлдер, сертификат, сыйлықтар алдық. Бізге осындай мерекелік көңіл-күй жасалды. Рахмет, – дейді жас жұбайлар Анатолий және Полина Макущенко.

– Бізде бүгін бақытты күн. Ұлымыз дүниеге келді! Оның үстіне акцияның ұйымдастырушылары бізге тағы да көптеген қуаныштар мен жағымды эмоциялар сыйлады. Босану үйінен шыққанымыз сол еді – бірден музыка, құттықтаулар және сыйлықтар. Өте керемет! Көп рахмет, – деген жылы сөздер айтты жас ана Жанна Шоқаева.

Поделиться: