05.09.2019 | «Жаһандық ядролық қарусыздану: әлем әрекетке дайын ба?» дөңгелек үстелінің қатысушылары ядролық қарусыздандыру тақырыбын талқылады

«Жаһандық ядролық қарусыздану: әлем әрекетке дайын ба?» дөңгелек үстеліне қатысушылар: «Екі алпауыт ядролық держава – АҚШ пен РФ арасындағы ушыққан шиеленіс жаһандық қауіпсіздіктің жалпы архитектурасына теріс әсер етеді, қаруланудың жаңа жарысына ынталандырады», – деп мәлімдеді.

«Жаһандық ядролық қарусыздану: әлем әрекетке дайын ба?» дөңгелек үстеліне қатысушылар АҚШ пен РФ арасындағы шиеленістің күшеюі, Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламалары айналасындағы дағдарыс және ядролық қарусыздану бойынша қолданыстағы жүйеге арналған жаңа сын-тегеуріндер мәселелерін талқыға салды. Сарапшылардың кездесуі ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында өтті.

Жиынға қатысқан халықаралық сарапшылардың ойынша екі алпауыт ядролық держава АҚШ пен РФ арасындағы ушыққан шиеленіс жаһандық қауіпсіздікдің жалпы архитектурасына теріс әсер етіп, қаруланудың жаңа жарысына ынталандырады.

Шараға қауіпсіздік саласындағы дүниежүзіне беделді сарапшылар, сонымен қатар Химиялық қаруға тиым салу жөніндегі ұйымның жетекшісі (ХҚТҰ, 2008-2018) Ахмет Узюмджу, МАГАТЭ-нің департамент директоры (2002-2011) Тарик Рауф, Ұлыбританияның Қорғаныс министрі (2006-2008), Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі Дезмонд Браун, «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Н.Назарбаев сыйлығын» табыстау жөніндегі комитеттің мүшесі, Италияның Сыртқы істер министрі (2002-2004, 2008-2011) Франко Фраттини қатысты.

Дөңгелек үстелге сондай-ақ, Халықаралық бейбітшілік бюросының тең төрағасы   Браун Райнер, Тұңғыш Президент Қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының директоры Қайрат Әбусейітов, ӘЭСИ сарапшылары, түрлі үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері ат салысты.

Модератор қызметін ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев атқарды. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев қатысушыларға құттықтау сөзін арнады.

Сарапшыларды қатты толғандыратын сауал АҚШ-тың Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімнен шығуы. Аталмыш оқиға ядролық қарусыздану саласындағы барлық ғаламдық келісімдердің әлсіреуіне ықпал етіп, Қытай сынды өзге елдерді көпшілік мақұлдаған халықаралық міндеттемелер аясында әрекет ету ниетінен айыруы мүмкін.

Бұл ретте Франко Фраттини ЕуроОдақтың селқос ұстанымына наразы екендігін жеткізді. Оның айтуынша, ЕО-тың ядролық мемлекеттері ретінде Франция мен Ұлыбритания АҚШ пен Ресейдің маңызды келісімнен шығуына қарсы бірлесе әрекет етулері керек, сондай-ақ қос держава арасындағы қақтығыста белсенді делдал рөлін атқаруы тиіс.

Сарапшылардың пайымынша, негізгі саяси сенім мен ашық диалог болмағандықтан АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас дағдарысы шиыршық үлгісінде дамып, біртіндеп Украинадағы дағдарыс сынды екінші деңгейлі факторлардың асқынуына әкеледі.

Осыған орай, МАГАТЭ департаментінің бұрынғы директоры Тарик Рауф «қырғи қабақ соғыс» аяқталғаннан бері алғаш рет АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық қаруды қысқарту бойынша тікелей кеңестер толығымен тоқтатылғанын еске салды.

Мұны қаперге алған шетел сарапшылары Ресейді Батыс елдерімен «Үлкен жетілік» сынды тетіктер арқылы тікелей диалогқа тартудың маңыздылығын атап өтті.

Жетекші державалардың әрекетінен туындаған сенімсіздік ахуалы Иран мен Солтүстік Корея арасындағы ядролық мәселелерді шешу мүмкіндігіне теріс ықпалын тигізбек.

ХҚТҰ-ның бұрынғы басшысы Ахмет Узюмджудың пікірінше, ғаламдық қауымдастықтың Иран мен КХДР-ді әскери мақсатта уранды байытудан бас тартуға шақыруы Ресей мен АҚШ тараптарының жаңа қаруланудың соңғы жетістіктері аясында өзінің мән-мағынасы мен заңдылығын жоғалта түседі.

Осы орайда ядролық қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы негізгі халықаралық шарттарды толық әмбебап ету үшін батыл әрекеттер керек.

Тарик Рауфтың ойынша, Батыс елдері Иранның ядролық мәселесін шешудің тұжырымдамалық тәсілдерін қайта қарастырғаны абзал. Иран Иран ядролық бағдарламасы бойынша Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары аясында ядролық қаруды иеленбеу міндеттемелерін өз мойнына алғанын және оны бұзбағанын ескерсек, Тегераннан жаңа заңды міндеттемелерді орындауын талап ету құрғақ үміт. Сондықтан қол жеткізілген келісім-шарттар аясында тараптардың өзара қарым-қатынасын жалғастырып әрі тікелей диалогты жаңғыртқан жөн.

Бұдан бөлек, пікір-талас барысында жаһандық қауіпсіздік архитектурасына қауіп келтіретін бірқатар маңызды сын-тегеуріндер анықталды.

Біріншіден, әлемнің жетекші державалары ресми риторикасында өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ядролық қаруды қолдану мүмкіндігін алға тартуда. Яғни, өткен жылғы 11 маусымда жарияланған АҚШ-тың Ядролық қарулар жөніндегі жаңа нұсқаулығында (New nuclear weapons Guide) «стратегиялық тұрақтылыққа кепілдік беру» мақсатында төмен деңгейде байытылған ядролық қаруды пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Ресей өзінің жаңа әскери доктринасында НАТО-мен әскери тепе-теңдікті сақтау мақсатында ядролық қаруды қолдану мүмкіндігіне жол беріп отыр.

Екіншіден, дағдарыс оқиғаларына әрекет ету уақытын қысқартатын дыбыстан жүйрік баллистикалық зымырандарды дамыту жөніндегі бағдарламалар үлкен қауіп төндіруде әрі олар ядролық қақтығыс тәуекелдерін мейлінше арттыра түседі. Әсіресе Индия мен Пәкістан сынды көршілес жатқан елдер арасындағы жергілікті қақтығыстар үлкен қауіпке ие.

Үшіншіден, сандық технология мен жасанды интеллект саласындағы технологиялық өрлеу ғаламдық қауіпсіздік тәуекелдерін арттырады. Ұлыбританияның бұрынғы Қорғаныс министрі Дезмонд Браун атап өткендей, қауіпсіздік жүйесін жаппай цирфландыру жағдайында әлемдегі бірде-бір ел, тіпті АҚШ та, өзінің стартегиялық арсеналын толық бақылауға кепілдік бере алмайды.

Қарусыздану мен ядролық қаруды таратпаудың ғаламдық режимінің негізгі мәселесі халықаралық қауымдастық деңгейінде стратегиялық көшбасшылық пен көзқарастың болмауынан туындап отыр. Осы жағдайда Қазақстанның тәжірибесі ядролық қарусыздану саласына әлемдік қауымдастықты жұмылдыру үшін үлкен маңызға ие. Қазақстандық үлгіні ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және халықаралық қауымдастыққа енген ел ретінде жалпақ жұртқа паш етудің маңызы зор.

 Сарапшылардың қызу пікір-таласы соңында келесі ұсыныстар түзілді.

Біріншіден. Қоғамда, әсіресе, жастар арасында ядролық қарусыздану идеясын насихаттау, азаматтық қоғамды белсенді тарту қажет. Осы орайда Халықаралық бейбітшілік бюросының тең төрағасы Браун Райнер құрамына тек үкіметтік емес, сонымен қатар, азаматтық қоғамның барлық қатысушылары кіретін ядролық қарусыздану жөніндегі жаһандық коалиция құруды ұсынды.

Екіншіден. Сарапшылардың басым бөлігі жақын болашақта ядролық қаруға толық тыйым салу мүмкін емес деген пікірге тоқтады. Сондықтан халықаралық қауымдастық бар күшін ядролық оқтұмсықтардың санын оңтайлы деңгейге дейін азайту міндетіне бағыттауы керек.

Үшіншіден. Ядролық қауіп-қатерді төмендетудің жаңа жүйесін жасау қажет. Оған ядролық қаруға ие елдермен қатар, ядролық қарудан бас тартқан елдер де кіруі керек.

Төртіншіден. Жаһандық қауымдастық жаппай қырып-жою қаруларын таратпау бойынша негізгі халықаралық шарттардың әлсіреуіне қарсы батыл әрекет етуі тиіс.

Осыған байланысты әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдың бірінен өз еркімен бас тартқан Қазақстан халықаралық қауымдастықты әрекетке көшуге шақыра алады және оған оның моральдық күші жеткілікті.

 

 

 Анықтама үшін:

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) 2003 жылы құрылған. Институттың негізгі қызметі әлемдік экономика, геосаясат мәселелерін, Қазақстандағы саяси-әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық үдерістерін, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қызметі мен саяси мұрасын, оның Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде құру мен нығайтудағы қосқан үлесін ғылыми зерттеуге бағытталған.

ӘЭСИ өз қызметінде қоғамдық пікір-таласқа белсене араласу арқылы тәуелсіз сипаттағы зерттеулер жүргізеді және талдау мен жоспарлау саласындағы мемлекеттің сараптау жұмыстарына жүйелі түрде қатысады. 

 Баспасөз қызметі – 8 (7172) 708 315 (ішкі. 511), +7 775 207 99 77, pr@iwep.kz

«ӘЭСИ Медиа» – ӘЭСИ баспасөз қызметінің Telegram-каналы https://t.me/Iwepmedia

Поделиться: