05.06.2018 | Назарбаев орталығында «Астана – бейбітшілік қаласы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Назарбаев ортылығында елордамыздың 20-жылдығына арналған «Астана – бейбітшілік қаласы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Еуразияның маңызды геосаяси орталығы – Астананың даму қорытындылары мен болашағын талқылауға отандық және шетелдік саясаткерлерді, беделді сарапшыларды тарту мақсатында өткізген іс-шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Кітапханасы ҚР Сыртқы істер министрлігімен  бірлесе ұйымдастырды.

Халықаралық конференцияға 20 елдің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдары мен парламентарилерінің өкілдері, халықаралық қауіпсіздік, қаржы және тұрақты даму салаларының сарапшылары, ғалымдары қатысты. 6 сессиядан тұратын конференцияда Астананың 20 жылдығымен байланысты геосаяси, тарихи, экономикалық, дипломатиялық, әлеуметтік, құқықтық, т.б. мәселелер талқыланды.

– Аталмыш іс-шараны ашу – мен үшін үлкен абырой. Астананың  Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туындысы екені хақ. Гүлденген еліміздің басты нышаны ретінде ол мемлекет дамуының қозғаушы күшіне айналды. Бүгінгі конференция барысында елорданың даму кезеңдері мен келешек мүмкіншіліктері ортаға салынбақ, – деді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

– Құрметті ханымдар мен мырзалар, сіздермен елорданың жиырма жылдығы қарсаңында қауышуға қуаныштымыз! Келелі конференцияға жиналған қауымды Еуразия континентінің іскерлік, саяси, мәдени орталығына айналған Астанаға деген ортақ қызығушылық байланыстыратыны рас. Елбасының халықаралық серіктестік пен сұхбаттың тиімді негіздерін қалыптастыру жөніндегі бастамалары қарқынды дамып келе жатқан астанамыздың биік белестерді бағындырып, әлем мойындауын иеленуіне мұрындық болды. … 20 жыл – кез келген қала үшін қасқағым сәт. Бұл уақыттың ішінде ірі ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа буын отандастарымыз мекен еткен қала тұрғызылды. Қала тұрғындарының саны 3,5 есе өсіп, миллионнан асты. Экономика инвестицияларының жылдық шамасы 44 есе ұлғайды. Осы орайда қаланың экономикалық және географиялық тұрғыдан серпінді дамуы елодамызды қазіргі урбанизация мен жоғарғы өмір сапасының үлгісіне, инновация жаңалықтарының орталығына айналдымақ. Әлемдік саясат және дипломатия орталықтарының жоғарғы стандарттарына бейімделу нәтижесінде Астанаға жаңа, биік міндеттер қойылды. Біз үшін елорданы жаһандық қала ретінде дамытып, оны Қазақстан мен Еуразия кеңістігіндегі инновациялар мен сәулеттің, сауданың, денсаулық қорғау мен білім берудің орталығына айналдыру айрықша маңызды, – деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.

Құттықтау сөздерден соң конференцияның жұмысы «Астана халықаралық диалог алаңы: қол жеткізген нәтижелері, трендтер мен даму келешегі» сессиясымен жалғасты.

– Еуроодақ аймақтың түрлі геосаяси жұмыстарына қатысқысы келмейді. Керісінше, біз ұдайы ынтымақтастығымызды жалғастырып, осы аймақтың тұрақты дамуына, өркендеуіне және қауіпсіздігіне үлесімізді қоссақ дейміз. Біздің ұсынған стратегияда Еуропа мен Азияның арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтеміз. Орталық Азия Еуропа мен Азияның арасын байланыстыратын орта ретінде маңызды рөл атқаратынына және бұл аймақтың дамып, тұрақты өркендейтініне нық сенімдіміз. Тұрақтылықты сақтаудың кепілі ретінде аймақтық ынтымақтастықты үнемі қолдап отырған Қазақстанға, Өзбекстанға және басқа елдерге алғысымызды білдіреміз. Сіздердің елдеріңіздегі жауапкершілік пен лидерлік Еуразиялық одақ пен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шеңберіндегі өзге де әріптестермен тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан түрлі жаһандық қауіптермен белсенді күресудің жолдарын көрсетіп келеді, ­ деп атап өтті Орталық Азия бойынша ЕО арнайы өкілі Питер Буриан.

– Мен осы жерде 2010 жылы болған саммитте Италияның үкіметі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілі ретінде қатыстым. Саммит барысында Астана декларациясына енгізілген күрделі мақсаттар үлкен әсер қалдырды. Жылдар өткеннен кейін сол декларацияның жаһандық деңгейде үлкен қадамдарға қол жеткізуге көмектескенін көріп отырмын, ­ деді Приднестровье бойынша ЕҚЫҰ арнайы өкілі, Италияның бұрынғы сыртқы істер министрі Франко Фраттини.

– Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымына кірді. Қазақстанның сындарлы саясаты ортақ мақсаттарымызды анықтап, іс-қимылды жаңғырту бағдарламасын қабылдауға мүмкіндік берді. 2005 жылы саммитте ИЫҰ қағидалары мен стандарттарын жаңалауға мүмкіндік берген арнайы бағдарлама жасалды. Бұл біздің ортақ болжамымызды ұсынған сәт болатын. 2011 жылы Астанада жыл сайынғы ИЫҰ министрлер кездесуі болып өтті, онда ұйымның атауы Ислам ынтымақтастық конференциясынан Ислам ынтымақтастық ұйымына өзгертілді. Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз мекеме құру шешімі қабылданды. Бұған қоса, экономикалық өзара әрекеттесу мәселелері бойынша Ислам ынтымақтастығы ұйымының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы келісімдерге қол жеткізілді. Менің Қазақстанмен әріптестіктегі тәжірибем Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәселені айқын болжап қана қоймай, алыс болашақты көре білетін саясаткер екенін көрсетеді, ­ деді өз баяндамасында Ислам ынтымақтастық ұйымының бұрынғы бас хатшысы Экмелледин Ихсаноглу.

– ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, Еуразиялық экономикалық одақ саммиттері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері ­ осының барлығы Астананың саусақпен санарлық Нью-Йорк, Вена, Женева тәрізді халықаралық алаңдардың қатарында екенін көрсетеді. Қайнаған халықаралық өмірдің ірі орталығы ретінде Астананың дамуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елеулі үлес қосты. Еуразия тұрғысында барлығы да экономикалық өзара қатынастағы Қазақстан-Қытай-Ресей құрлықтық жүйесі күннен-күнге айқындалып келеді. Халықаралық жүйенің үш торабын жалғайтын Жібек жолының осы бір үзігі жай ғана орталық емес. Астана әлемнің астаналары көз тіккен еуразиялық кеңістікте ірі орталықтың рөлін атқарады, ­ деді Шанхай ынтымақтастық ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев.

Сонымен қатар бірінші сессияда Сирия бойынша БҰҰ Бас хатшысының арнайы уәкілінің орынбасары Рамзи Еззельдин Рамзи, ЕҚЫҰ жанындағы Германия өкілі (2008­2012) Генри Хорстен, ЕҚЫҰ Зерттеулер орталығы басшысының орынбасары Франк Эверс, Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының директоры ­ Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Владимир Норов, АҚШ Жаһандық қауіпсіздікті талдау институты Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры Ариель Коэн, АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының бұрынғы вице-президенті Ален Нери, «Greenstar Global Energy Corp» компаниясының негізін қалаушы және төрағасы Рави Батра сөз сөйледі.

«Болашаққа бағдар: «ақылды» және жаһандық интеграцияланған қала» атты екінші сессиясының модераторы болып Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов сөз сөйледі:

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізген ең табысты әрі тиімді реформалардың жарқын нышаны – елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойын бүкіл Қазақстан атап өтуде. 1994 жылы Президент Жоғарғы Кеңес депутаттарының алдында астананы ауыстыру туралы мәселені қарастыра келе, «жаңа астанаға ие болған Қазақстан жаңа қоғамдық-саяси ғана емес, сондай-ақ ірі ғылыми, мәдени және іскерлік ортаға айналады» деген болатын. Міне бүгін, біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендік сөздерінің шындыққа айналып, елордамыз ғасырға бергісіз даму кезеңін артқа тастады деп нық сеніммен айта аламыз. Әрине, бұл Астана құрылысы тәрізді үлкен стратегиялық міндетті жүзеге асыру үшін өзінің жанына Қазақстан халқын жұмылдыра білген Президентіміздің ерен еңбегі екені даусыз. Жаңа елорда идеясының бастамашысы ретінде Қазақстан Президенті бірегей еуразиялық феноменге айналған Астана образына терең саяси және рухани мән-мағынаның негізін қалады. Жиырма жыл – жүріп өткен жолымызға баға беріп, таразылап, әрі қарай қадамдауға мүмкіндік беретін кезең. Осы жылдар ішінде сәулеті мен дәулеті жарасып, үдемелі қарқынмен дамыған Астанамызды төрткүл дүние танып, Еуразия кеңістігіндегі ең көрікті қалалардың бірі болып отыр. Еліміздің бас қаласы барлық бағыттар бойынша ұдайы дамып, бизнес, инвестиция үшін қолайлы мекенге айналды. Астана Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ еуразиялық кеңістіктің ірі ғылыми, мәдени және іскерлік орталығына айналды, – деді ол.

Конференция «Астана – инновация, қаржы, сауда және көлік хабы», «Астаналардың көшірілуі: қазақстандық тәжірибе және әлемдік практика», «Астаналар – мәдениет пен руханият орталығы», «Астаналар және әлеуметтік-мәдени қоғам» сессияларымен жалғасты.

Поделиться: