04.07.2019 | Тұңғыш Президент Қоры мен ӘЭСИ алаңында Қазақстандағы адами капиталды дамыту талқыланды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) «Адами капитал – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Шара алдында сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев: «Төртінші өндірістік революцияның және экономиканың қарқынды даму жағдайында адамдардың білімі мен олардың потенциалы «жаңа мұнай» болып табылады. Қордың бастамасымен ашық форматта Қазақстанның белді сарапшыларының қатысуымен еліміздегі адами капиталға қатысты мәселені талқылау бірінші рет өткізіліп отыр. Бұл орайда бүгінгі шара Қазақстан даму мәселелерін талқылаудың жаңа форматы», – деді.

Қор басшылығы сондай-ақ мемлекеттік және жеке ғылыми-зерттеу құрылымдарымен серіктестік жүргізуді жоспарлады және бұл бағыттағы алғашқы қадам ретінде ірі мемлекеттік жоғары оқу орындарымен келісімге келді. Сол күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен және «Тұран» университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

ӘЭСИ алаңында дөңгелек үстел басына еліміздің басты экономистері: Олжас Құдайбергенов, Рахым Ошақбаев, Ануар Боранбаев, Дәулет Арғандыков, Дильбар Гимранова және басқа да экономистер жиналды. Кездесудің спикерлері ғана емес, барлық қатысушылары да экономика және адами капиталды дамыту саласында сарапшылар болып табылатындығын атап өткеніміз жөн. Мәелелерді әр түрлі көзқараспен қарастыру тақырыпты аса толық талдауға ықпал етті.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде экономиканың ауқымы елдің табысы үшін міндетті шарт емес. Бірегей өнімдерді жасау үшін адамдар мен технологиялардың білімін қалыптастыру және пайдалану маңызды. Мысалы, Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша адам капиталының сапасы мемлекеттердің экономикалық даму деңгейіндегі 30% – ға дейін айырманы анықтайды.

БҰҰДБ Адами даму индексінде Қазақстан 2015 жылы 188 – ден 56-шы орында, ал 2017 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның деректері бойынша 130-дан 29-шы орында тұр. Мемлекет білім беру мен денсаулық сақтауға тұрақты қаражат бөледі, реформалар жүргізеді.

Алайда, ғалымдар мен сарапшылардың соңғы жарияланымдары адами капиталдың дамуын бағалаудағы бұрынғы тәсілдерді барынша сынайды. Техникалық сандық көрсеткіштер толық көрініс бермейді. Қазақстанның Халықаралық рейтингтердегі жоғары орнына қарамастан, білім беру саласындағы қазақстандық сарапшылардың талдауы проблемалық мәселелер мен сын-қатерлерді анықтайды. Мысалы, қазақстандық ЖОО түлектерінің тек 30-35% ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады, ал 70% жоғары білімді дағдыла мен біліктіліктерді арттырудың жолы ретінде емес,  «диплом алу» ретінде қарастырады.

Мамандар сондай-ақ білімді азаматтардың кетуі мәселесіне де назар аударды. Олжас Құдайбергенов: «Жыл сайын жоғары білімді эмигранттардың үлесі артып келеді. Егер 2013 жылы олар 30% болса, 2017 жылы 40%. Сол кезеңде техникалық кадрлардың елден кетуі 1,5 есе өсті. Көрші Ресей, мысалы,қазақстандықтарды жоғары жалақымен тартады. Бұл ретте, егер шетелге, негізінен, жоғары және орта кәсіптік білімі бар адамдар кетсе, бізге, негізінен, жоғары білімсіздер  келеді», – деп мәлімдеді.

Сарапшылар сондай-ақ адамзат алдағы онжылдықтарда кездесетін жасанды интеллекттің технологиялық өсуімен және енгізілуімен туындаған сын-қатерлерді ескеру қажет екенін атап өтті.

Олардың пікірінше, автоматтандыру мен роботтандыру көптеген адами дағдылар мен құзыреттіліктерді өзексіз қылады. Қалған мамандықтарға талаптар айтарлықтай жоғары болады. Бұл орайда жаңа форматтағы адами капиталды дамыту ұзақмерзімді мемлекеттік саясаттың басты фокусына айналуы тиіс. Мемлекеттердің болашақтағы бәсекеге қабілеттігі экономикада мұндай модельдің қаншалықты тез іске асырылуы мүмкіндігіне қарай байланысты.

Пікірталасты түйіндей келе, қатысушылар елдегі адами капиталдың даму деңгейін тура және нақты бағалау өте қиын деген пікірге келді. Бір жағынан, халықаралық көрсеткіштер мен рейтингтер бар. Екінші жағынан, олар сынға ұшырап, адами капиталды өңдеу және ол өнімді пайдалану үшін не істеу керек деген басқару ақпараттарымен аз қамтиды.

«Біз «Адами капитал» ӘЭСИ зерттеу бағдарламасы елде адами капиталды дамыту мәселелері бойынша статистиканы және кәсіби құзыреттерді жүйелі жинақтауға мүмкіндік беретініне, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесі үшін практикалық маңызды ұсыныстарды қалыптастыруға негіз болатынына сенімдіміз», – деп қорытындылады пікірталастың модераторы және ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.

Дөңгелек үстел қатысушыларының ұсыныстарының негізінде ӘЭСИ сарапшылары Тұңғыш Президент Қоры мен мемлекеттік органдар үшін талдау материалдарын дайындайды.

Поделиться: