Астана клубы

Назарбаев Орталығында Астана клубының үшінші басқосуы өтті.

Халықаралық пікірталас алаңы әлемнің 27 елінен келген 60-тан астам қатысушыларды жинады.

Олар — белгілі саяси қайраткерлер, дипломаттар, танымал саясаткерлер, беделді ғалымдар және АҚШ-тың, Ресейдің, Қытайдың, Үндістанның, Еуропа елдерінің, Таяу Шығыстың, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияның алдыңғы қатарлы «ақыл-ой орталықтарының» сарапшылары.

Алғаш рет Клубтың жұмысына жоғары дәрежелі саясаткерлер- бұрынғы мемлекет басшылары Абдулла Гүл (Түркия), Вацлав Клаус (Чехия), Данило Тюрк (Словения)  қатысты.

Астана клубының сессиясына әлемдік сарапшылар қоғамдастығының ірі тұлғалары – Джордж Фридман (геосаяси болжаудың маманы, Stratfor компаниясының негізін қалаушы), Цай Фан (Азиядағы №1 ақыл-ой орталығы – Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының вице-президенті), Цзи Чжие (Қытай замануи халықаралық қатынастар академиясының директоры), Владимир Норов (Өзбекстанның бұрынғы сыртқы істер вице-министрі, стратегиялық және аймақаралық зерттеулер Институтының директоры), Мұхаммед Казем Саджадпур (Иранның сыртқы істер вице-министрі, елдің негізгі ақыл-ой орталығы – саяси және халықаралық зерттеулер Институтының президенті), Эдвард Люттвак (геоэкономика саласындағы әлемдік маман, стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі, АҚШ) және басқалары.

Астана клубтың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және оның шеңберінде қызмет ететін Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ).

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы  Қорының атқарушы директоры  Қанат Жұмабаевтың айтуынша, Астана клубында Үлкен Еуразияның мәселелері мен перспективалары туралы сараптамалық талқылауы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәйектілікпен ілгері жылжытып жүрген ашықтық пен тең құқылық қағидаттарына негізделген жаһандық саяси диалогты нығайтуға оң әсерін тигізеді.

Кездесудің басты тақырыбы – «Үлкен Еуразия-2027: текетірес немесе серіктестік» – стратегиялық шешімді талап ететін өзекті сын-тегеуріндер, қауіптер, ықтимал тәуекелдер және жаһандық саясат мәселелері негізінде қалыптасқан.

Клуб мүшелері алдағы онжылдықта еуразиялық мегаконтинент дамуының сұлбасын қалыптастыратын негізгі трендтерді талқылады. Олардың ішінде әлемдік және аймақтық державалар мүдделерінің ара-қатынасының, ядролық фактордың күшеюі және шиеленістің артуы, сауда мен санкциялардың қарама-қарсы келуі, халықаралық лаңкестік пен қауіпсіздік, көші-қон және экология, интеграциялық үдерістер және экономикалық ынтымақтастық проблемалары.

-Астана жоғары саяси деңгейдегі стратегиялық диалог өтетін жаһандық бейтарап алаң рөлін өзіне бекем түрде бекітті. Осы фактор шынайы қызығушылық тудырып, біздің кездесуге барлық жаңа қатысушыларды тартады, – деп атап өтті іс-шараның алдында ӘЭСИ-ның директоры Ержан Салтыбаев.

Астана клубының отырыстары сарапшылардың айтылған ой-пікірлері құпия сақталатын «Chatham House» ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Бұл қағида ашық және сенімді кəсіби əңгіме құруға көмектеседі.

Саясеткерлердің «ЕО – Үлкен Еуразия: ынтымақтастық пен дамудың векторлары»  атты ашық панелдік сессиясында еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің болашағы, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуроодақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы  және қытайлық бастама «Белдеу және жол» сияқты интеграциялық жобалардың  тиімді түйіндесудің мүмкін жолдары жеке талқыланды.

Астана клубының аясындағы пікірталас барысында қатысушылар жаңа қауіпсіздік сәулетін құру перспективалары, Корей түбегіндегі шиеленісудің мәнмәтінде ядролық қарусыздандыру, Еуропадағы оқиғалар, сондай-ақ Орталық Азиядағы негізгі үрдістер сияқты өзекті мәселелерге ерекше назар аударды. Алдыңғы қатарлы саясаткерлер мен сарапшылар жаһандық және өңірлік үдерістердегі Қазақстанның медиатор және интегратор ретінде белсенді ұстанымын тағы да атап көрсетті.

-Халықаралық аренада Қазақстанның беделі және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке  рөлі жаһандық сарапшылық қоғамдастықпен жоғары бағаланады. Сөз антиядролық қозғалыста, қақтығыстар мен дағдарыстық жағдайларды реттеуде және еуразиялық кеңістікте интеграциялық үдерістерді дамытуда біздің қосқан үлесіміз және көшбасшылығымыз туралы болып отыр, – дейді ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.

Тұтастай алғанда, үшінші кездесудің қатысушылары Астана клубтың бейтарап пікірталас платформасы ретінде халықаралық сарапшылар диалогы үшін жағдай жасалғаны туралы бірауыздан пікір білдірді. Ол бүкіл әлемнің беделді мамандары, саясаткерлері мен дипломаттары үшін тартымды орталыққа айналды. Астана Клубтың форматы өзектілігін дәлелдеді, алдағы уақытта оның аясындағы басқосуларда жаһандық күн тәртібін талқылау одан әрі  жалғасады.

Поделиться: